"Латын әліпбиіне көшу - ұлттық санмызды жаңғырту"
«Латын әліпбиіне көшу – ұлттық санамызды жаңғырту»
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін жан-жақты қарастырып, 2025 жылға дейін толықтай көшіруді жоспарлап, «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деген болатын.
Латын графикасына негізделген қазақ жазуы қазіргі тіл білімінде өзекті мәселелерге ие болып отыр. Өйткені қазіргі кезде сауатын ашқан әрбір адам үшін латын әліпбиімен жазу қажеттіліктен туындайды. Жалпы жазуды біз тек таңбалау ретінде қарамағанымыз жөн. Яғни жазу сол тілдің тарихын, мәдениетін тіпті дәстүрін танытады. Латын әліпбиіне тезірек көшу ана тіліміздің дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне жол ашады. Латынға көшсек, біраз ұтатын тұсымыз бар.Тіл тазалығы мәселесі, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле ережелері қысқарады. Оқыту үдерісі жеңілдеп, уақыт, қаржы үнемделеді.
Осыған орай, өз пікірімізді ортаға салып, қолдайтынымызды жеткізгіміз келеді. Себебі мәселе қазақ жазуы туралы болып отыр. Ал жазудың қазіргі өмір сүріп отырған ортамызда хабар тарату үшін, өткенімізді танып, болашаққа із қалдыру үшін аса маңызды құндылық екені айтпаса да белгілі. Сол жазуды қалыптастырып тұрған ең ұсақ бөлшек – әріптің тілдің мәнін ашатын дыбысты таңбалайтынына келсек, ол тіптен өзекті дүние. Сондықтан да болар, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына негіздеп жасау мәселесі еліміздің күн тәртібіне қойылғалы бері бұқарада үлкен талқылау болды. Осы күнге дейін ұсынылған нұсқалардың артық-кем тұстары сараланды, еленді, екшелді. Латын әліпбиіне көшу, шындап келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасайды.
Қазақ тілі мұғалімі Мөңкебаева Л.Қ.